Қытай цифрлық моделі: басқару деңгейіндегі әсер

Қытай цифрлық моделі: басқару деңгейіндегі әсер

Мазмұны

Басқару деңгейі

Басқару деңгейі Қытайға өзінің авторитарлық цифрлық моделіне негізделген технологияларды жаһандық басқаруды қалыптастыра отырып, шетелде ықпал ету құралын ұсынады. Шын мәнінде , бұл Қытайдың технологиялық стандарттарын ғана емес, оның реттеуші және құқық қолдану тәсілдерінің трансфертін де білдіреді. Сонымен қатар, бұл деңгейді басқаларға қарағанда кеңірек қарастырған жөн, өйткені ол тек Қазақстандағы қытайлық технологиялық компаниялардың қызметімен ғана емес, жалпы Қытайдың Қазақстанмен ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірімен халықаралық қатынастарымен де байланысты.

Қазақстан мен Орталық Азияның Қытаймен халықаралық қарым-қатынастары

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды тығыз, достық және өзара тиімді деп сипаттауға болады. Елдер арасындағы тауар айналымы жылдан жылға тапжылмай өсіп келеді және қазірдің өзінде екі елдің сауда қатынастары COVID-19 індетімен байланысты дағдарыстың салдарын ойдағыдай еңсерді деп айтуға болады.

EnergyProm [1] мәліметтері бойынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы шамамен 24 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 млрд АҚШ долларына артық (өсім шамамен 34%). Қазақстанның тауар айналымы құрылымындағы Қытайдың үлесі 18% құрады. Қалыптасып жатқан трендтерге қарағанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы да, елдің жалпы тауар айналымындағы Қытайдың үлесі де артады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық қатынастарда бұрын қол жеткізілген көптеген уағдаластықтардан басқа, жаңа келісімдер жасалады. Мысалы, 2023 жылдың мамыр айында Қазақстан жоғары деңгейде Сиань қаласында (ҚХР) өткен Қытай + Орталық Азияның 5 елі жаңа форматтағы саммитіне қатысты. Осы форматта жұмысты жалғастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, келесі саммит Қазақстанда 2025 жылы өтеді.

Сиань декларациясы

Саммитте қол қойылған Сиань декларациясы [2] Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста жоғары технологиялық салаларды кеңейтудің маңыздылығын көрсетеді. Тараптар жасанды интеллектті пайдалану, «ақылды қалалар» технологияларын дамыту, үлкен деректер және бұлтты есептеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ынталандырады. Сонымен қатар, декларацияға сәйкес, «тараптар киберқылмыспен бірлесіп күресуге дайын». Сонымен қатар, құжатта тараптар «Орталық Азия-Қытай» форматындағы цифрлық деректер қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық бастамасын қолдайтыны және цифрлық саудадағы өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендіктерін білдіреді.

Қытай және Орталық Азия: ынтымақтастық па әлде бақылау ма?
2023 жылғы 18-19 мамырда Сиань қаласында (Қытай) Си Цзиньпиннің төрағалығымен «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті

Қазақстан-Қытай қатынастары туралы айтатын болсақ, парадигмасында көптеген келісімдер мен бірлескен жобалар құрылатын «Бір белдеу – бір жол» (Belt and Road Initiative, BRI [3]) атты жаһандық Қытай стратегиясын да атап өтуге болмайды. Цифрлық экономикаға қатысты стратегияның бөлігі «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Road, DSR) деп аталады.

Қазақстанда DSR іске асыру цифрлық экономиканы дамытудағы стратегиялық басымдық болып табылады. Ол негізгі мақсаттардың бірі ретінде «Цифрлық Қазақстан» [5] бағдарламасына енді және іс жүзінде елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту стандарттарын белгілейді.

Цифрлық Жібек жолының (DSR) негізгі мәні неде?

DSR-ді дамыту Қытайдың интернетті басқару саласындағы ықпалын күшейту үшін мүмкіндіктер жасайды; сонымен қатар, осы мегажоба «батыстық» тәсілдермен бәсекелесетін технологиялық дамудың өзіндік тәсілдерін әзірлеуді жүзеге асырады.

Егер заңның үстемдігіне, құпиялылыққа, ашықтыққа жәнеесеп беруге міндеттілігіне негізделген интернетті басқару тәсілі шартты түрде «батыстық» деп аталса, онда DSR адамның цифрлық құқықтарын бақылау, қадағалау және «қауіпсіздік» басымдылығы тәсілін алға тартады. DSR-дің барлық техникалық және технологиялық бөлігі осы тәсілдің логикасына бағынады.

Осылайша, DSR-дің Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту саласындағы пайдалы үлесі азаматтарды бақылауды күшейту және интернетті басқаруға авторитарлық парадигманы енгізу ретінде кері жағына ие. Осыған байланысты Қытайдың DSR мақсаттарының бірі Қытайдың интернетті басқару және цифрлық платформаларды дамыту тәсілдерін алға тартатын «Киберкеңістіктегі біртұтас тағдыр қауымдастығын» құруды қарастыратыны айқын болып тұр.

DSR көмегімен Қытай өзінің технологиялық стандарттары мен шешімдерін ілгерілету мәселелерін шешетіні айқын; бастама қытайлық IT компаниялардың жаңа нарықтарға енуіне, олардың өз тауашаларын иеленуіне және соның салдарынан цифрлық саланы дамытуға инвестициялардың өсуіне ықпал етеді.

Заманауи кезеңде мұндай жағдай Қазақстанға тиімді, өйткені ол елдің цифрлық инфрақұрылымын тез және салыстырмалы түрде арзан құруға және цифрлық экономиканы табысты дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен, қытайлық интернетті басқару әдістерін асығыс ендірудің ұзақ мерзімді салдары адамның цифрлық құқықтарын жүйелі түрде бұзу, қадағалау және цензура түріндегі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, бұл елдің дамуына зиян тигізуі мүмкін. Бұдан басқа, қытайлық технологиялық стандарттар мен технологияларды ендіру Қазақстанды өзінің цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шешімдерді қабылдау еркіндігінен айырады, ел қытайлық технологиялық компаниялармен ынтымақтасуға мәжбүр болады.

Осылайша, Қытайдың басқару деңгейіндегі әсері Қазақстан үшін ең қауіпті және тәуекелді болып табылады. Бұл жағдайда негізгі екі нәрсені ескеру қажет:

  1. Қытайлық IT компаниялары бұл әсердің бастапқы көзі емес, мұнда ҚХР-ның өзі негізгі фактор болып табылады, қытайлық IT компаниялары тек осы нарративтер мен тәсілдерді өздерінің технологиялық шешімдерінде таратады.
  2. Аталған тәуекелдерді қазақстандық билік шешімдер қабылдау кезінде назарға алмайды. Сонымен қатар, Қазақстан билігі Қытай технологиялары ұсынатын мүмкіндіктерді Қазақстан азаматтарына бақылауды күшейту мақсатында ынталана пайдаланады.

Қытай әсерінің жұмсақ күші

Басқару деңгейінде әсер етуді жүзеге асыру тәсілі тағы бір маңызды мәселе болып табылады. Бұл қытайлық «жұмсақ күшті» қолданудың классикалық мысалы болып табылады, яғни мәжбүрлеуге емес, ерікті түрде қатысу мен тартымдылыққа негізделген әсер.

Қытай BRI және DSR-ге қатысатын елдерді интернетті, «ақылды қалаларды», дата-орталықтарды және бейнебақылау жүйелерін басқарудың технологиялық стандарттары мен тәсілдерін енгізуге мәжбүрлемейді. Қытай жоғары технологиялық жабдықтарды салыстырмалы түрде біршама аз ақшаға ұсынады, ал кейде тіпті оны сыйға тартады (Қазақстанға суперкомпьютерді сыйға тарту кейсі «Қытай құрылғылары Қазақстанның цифрлық саласына қалай әсер етеді» деген мақаласында қарастырылған).

Қытай құрылғылары Қазақстанның цифрлық саласына әсер етуі
Құрылғы деңгейіне интернетке кіруге арналған физикалық құрылғылар кіреді. Қытайлық компаниялардың сектордағы үстемдігі айқын

Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды салуға жеңілдікті несиелер беріп, инвестицияларды ұсынады (Huawei мен Қазақтелеком арасындағы инвестициялар мен өзара іс-қимыл кейсі «Қытайдың инфрақұрылымдық әсері» мақаласында қарастырылған).

Инфрақұрылым: қытайлық IT компанияларының әсерін бағалау
Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін қытайлық IT компаниялардың саны көп (дата-орталықтар, 5G, ақылды қалалар)

Сонымен қатар, баға факторы да сөзсіз - қытайлық технологиялық жабдық еуропалық, американдық және жапондықтарға қарағанда салыстырмалы түрде арзан, сонымен қатар Қазақстанның географиялық жағдайы Қытай жабдықтарының логистикасын арзанырақ етеді, осының салдарынан қазақстандық IT компаниялар үшін анағұрлым тартымды етеді.

Осылайша, қытайлық тәсілдер мен нарративтер Қазақстанға оңай еніп, технологиялық ортада бекітіліп, болашақта оны дамыту мен басқарудың парадигмаларын белгілейтін болады.

Бұл материал CITW (China in the world) қолдауымен «Цифрлық құқықтар мен бостандықтар ландшафты» жобасы үшін дайындалған «Қытайдың Орталық Азияға өсіп келе жатқан технологиялық әсері»(China's growing technological impact in Central Asia, Abbos Bobokhonov, Danila Bekturganov) атты зерттеуінің авторлық бейімделуі болып табылады.

Web Archive сілтемелері:

[1] ‘Екі елдің тауар айналымы бір жылда бірден үштен біріне өсті’, EnergyProm, https://web.archive.org/web/20230915101304/https://www.energyprom.kz/ru/a/reviews/tovarooborot-dvuh-stran-vyros-srazu-na-tret-za-god

[2] ‘Қытай — Орталық Азия саммитінің Сиань декларациясының толық мәтіні', Қытайдың ғаламдық телевизиялық желісі (CGTN), https://web.archive.org/web/20230915101430/https://russian.cgtn.com/news/2023-05-19/1659526778029502466/index.html

[3] ‘«Бір белдеу – бір жол» бастамасы', Newmark Finance, https://web.archive.org/web/20230915101539/https://newmarkfinance.com/bri

[4] ‘«Цифрлық Жібек жолы» жобасы', Ресей СІМ Дипломатиялық академиясы, https://web.archive.org/web/20230915101624/http://diplomaticdictionary.com/dictionary/%D0%BF%D1%80%D0%BE%D0%B5%D0%BA%D1%82-%D1%86%D0%B8%D1%84%D1%80%D0%BE%D0%B2%D0%BE%D0%B9-%D1%88%D0%B5%D0%BB%D0%BA%D0%BE%D0%B2%D1%8B%D0%B9-%D0%BF%D1%83%D1%82%D1%8C/

[5] ‘Digital Kazakhstan’, Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы, https://web.archive.org/web/20230915101737/https://egov.kz/cms/ru/digital-kazakhstan

Сізге сонымен қатар ұнауы мүмкін

Қазақстандағы Қытай IT компаниялары: қорытындылар